Ақмола облысы мәдениет басқармасының  Көкшетау қаласының тарихы музейі –  қызметі  Ақмола облысының орталығы  болып табылатын Көкшетау қаласының құрылу және даму тарихын жинақтау, сақтау және насихаттауға бағытталған маңызды мәдени ошақ.

Музей қаланың  көне тарихи  бөлігінде, Қанай би көшесі, 32 мекенжайында орналасқан. Нақ осы жерде, Бұқпа жотасы баурайы мен Қопа көлі жағалауында  XIX ғасырдың бірінші  ширегінде Көкшетаудың іргетасы қаланған.

Бөлек орналасқан бірқатар ғимараттардан тұратын музей кешені бүгінгі күні ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы жергілікті ағаш сәулеті үлгісі ретінде Республикалық  маңызы бар  тарих  ескерткіштерінің  қатарына жатады.

Бұл үйде 1889-1905 жылдар аралығында кеңестік дәуірдің болашақ мемлекет қайраткері  В.В.Куйбышевтің отбасы тұрды, оның балалық, жастық шағы осы жерде өтті. Ұлы Отан соғысы  жылдарында бұл үйде Қызыл әскердің жаралы жауынгерлеріне  арналған тыл госпиталі болды. Соғыстан кейін, 1949 жылы В.В.Куйбышев  атындағы Республикалық  Мемориалдық музейі  ашылып, оны әпкесі – Көкшетау қаласының тұңғыш Құрметті азаматы  — Елена Владимировна Куйбышева 30 жылдан астам уақыт басқарды.

2000 жылы Көкшетау қаласының тарихы музейі болып қайта құрылды.  Музей экспозициясы 2004 жылы Көкшетау қаласының 180 жылдық мерейтойына арнайы ашылды.

Музейдің кішігірім бес экспозициялық залында хронологиялық  тізбекте Көкшетау қаласының негізі құрылған 1824 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейінгі тарихы  қамтылған. Музей экспозициясы келушілерді ХІХ-ХХ  ғасырдағы Көкшетау қаласымен, оның экономикасы, өнеркәсібі, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет салаларының құрылуымен және қаланың дамуына үлес қосқан тұлғалардың өмірімен таныстырады.

Экскурсия танымал суретші С.П.Пожарскийдің музейдің кіріспе бөлімінде орын алған туындысы – ХІХ ғасырдың басындағы Көкшетаудың іргетасы қалану тарихынан сыр шертетін диорамадан басталады.

 

Бірінші залда қазақ халқының дәстүрлі өмір салты көрсетілген. Залдын орын алған этнографиялық материалдар қазақ халқының сан ғасырлар бойы қалыптасқан тұрмысы мен дүниетанымдық көзқарастарынан, бай рухани және материалдық мәдениетінен сыр шертеді.

Екінші зал экспозициясы XX ғасырдың басындағы шенеуніктің немесе жазушының күнделікті өмірін бейнелейді. Экспозицияда ұсынылған жасыл шүберекпен көмкерілген үстел үстіндегі жазу машинкасы мен сия бірінші болып көзге түседі. Ал көне емен жиһазы, патефон, телефон, пианино өткен ғасырдың атмосферасын толықтырады.

Экспозицияның үшінші залы Көкшетау қаласында 1922 жылы алғашқы темір жолдың ашылуы мен  Ұлы Отан соғысы жылдарындағы  қала өмірі тарихына арналады. Соғыс жылдары көкшетаулықтар қорғаныс өнімдерін шығарумен айналысқан №621 әскери құпия зауытта еңбек еткен, госпитальдарда жаралы жауынгерлерді емдеген, майдандағы жауынгерлерге жылы киім мен азық-түлік жөнелткен, яғни Жеңіс күнін жақындату үшін жасы мен кәрісі аянбай еңбек еткен.

Төртінші залда музейге келушілер қала тұрғындарының 1950-1960 жылдардағы тұрмыс-тіршілігімен таныстыратын «Ескі пәтер» атты ретро-экспозицияны қызыға тамашалауда.

Бесінші залда 1960-1970 жылдары КОКП Көкшетау облыстық комитетінің бірінші хатшысы Е.Н.Әуелбековтың басшылығымен Көкшетаудыңқарқынды дамуы, өнеркәсіптік кәсіпорындар, зауыттар, фабрикалар, тұрғын үйлер, мектептер, ауруханалар, балабақшалар құрылысы туралы баяндалады. Шамалы уақыт аралығында Көкшетау бір қабатты шет аймақтық қаладан инфроқұрылымы дамыған заманауи қалаға айналады.

Экскурсия  музей ауласындағы ашық аспан астындағы экспозициямен  аяқталады: подиумда көненің көзі, бірегей  жәдігер – ХХ ғ. 1930-шы жылдары шығарылған америкалық маркалы «Кадиллак» автокөлігін, 1930 жылдардағы «Дюркопп» неміс маркасының  велосипедін, ертедегі көлік  түрлері – қысқы шана мен жазғы арбаны  тамашалауға болады.

 

Музей қорында  18  мыңнан астам  жәдігер  сақтаулы. Олар: қаламыздың өткен тарихы мен оның тұрғындарының тыныс-тіршілігінен сыр шертетін тұрмыстық заттар, қолөнер туындылары, көне фотосуреттер, құжаттар, қолжазбалар мен естеліктер.

Музей келесі  қызметтер ұсынады:

  • қазақ және орыс тілдерінде экскурсия жүргізеді,
  • дәрістер, жылжымалы көрмелер, тарих сабақтары, өнегесі мол, тәжірибесі қызықтырар адамдармен кездесу кештерін өткізеді,
  • қала тарихы бойынша   әдістемелік көмек көрсетеді,