Көкшетау қаласының тарихы музейінде халықаралық музейлер күніне орай «Музейдегі түн» акциясын жылда өткізу дәстүрге айналған.

18 мамыр күні қала тұрғындары мен қонақтары үшін ұйымдастырылған «Музейдегі түн» Қазақстандағы Балаларды қолдау жылына арналды.

Акция аясында өткен мерекелік іс-шара бағдарламасы Музейге келушілердің жас ерекшеліктері мен талғамдарына сай жасалғандықтан, қонақтардың Музейде өткізген уақыттары өте тиімді әрі қызықты болып, жақсы әсер мен көңіл күй сыйладық деген сенімдеміз. Кеш барысында «Көкшетау: кеше және бүгін», «Фотообъективтегі балалық шақ әлемі» фотокөрмелерін, «Фотозертхана» экспозициясын, «Ойыншықтары көрмесі» мен «Мектептегі балалық шақ» көрмесін, қолөнер шебері З.М. Ақаеваның авторлық қуыршақтары көрмесін тамашалай жүріп, қонақтарымыз қазақи дәстүріміз бойынша самауырыннан ыстық шай мен тәттілерден дәм татты. Қала тұрғындарының өткен ғасырдағы тұрмысымен танысқан қонақтар үшін «Жанданған тарих» этнографиялық фотосессиясында естелік фотосуретке түсу өте әсерлі болды. Асық ату ойыны, сия сауыт, қаламұшпен хат жазу мүмкіндігі қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырды. Әсіресе балалар қызықты викториналарға құлшыныспен қатысып, ең белсенділері музей атынан естелік сыйлықтарға ие болды.