Шуатаева Зура Құлмырзақызы – қоғам қайраткері, партия, кеңес қызметкері, Көкшетау қаласының Құрметті азаматы.
Зура Құлмырзақызы мектепті үздік бітіріп, бір жыл аудандық сотта хатшы болып жұмыс істейді де, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының орыс тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түседі. Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін 1959-1961 жылдар аралығында Зеренді ауданына қарасты Шағалалы орта мектебінде мұғалім болып еңбек етеді. 1961жылы Көкшетау облыстық комсомол комитетінің хатшысы болып сайланып, мектеп және орта білім беру мәселелеріне жетекшілік етеді. Бір жарым жыл аралығында өзінің ерекше мүмкіндіктері мен қабілеттерін көрсете отырып, 1963 жылы облыстық комсомол ұйымының ұйымдастыру-кадрлық саясаты мәселелеріне жетекшілік ететін облыстық комсомол комитетінің екінші хатшысы болып сайланады. 1971-1982 жж. Көкшетау қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1982-1991 жж. облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметтерінде Зура Құлмырзақызының өңіріміздің әлеуметтік саласының дамуына қосқан үлесі ерекше зор. Өз ісінің білгір маманы Зура Құлмырзақызы 1991 жылдан бастап Көкшетау облысы Әйелдер кеңесінің төрайымы, 1998 жылдан Көкшетау қаласы әкімі жанындағы Отбасы және әйелдер мәселелері жөніндегі кеңестің төрайымы қызметтерін атқарған Зура Құлмырзақызының Көкшетау қаласы мен облыстағы әйелдер қозғалысының дамуы мен қалыптасуына қосқан үлесі зор. 1995 жылы ол Пекин қаласында өткен төртінші Дүниежүзілік әйелдер конгресіне қатысқан.
Мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі еңбегі, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі үшін З.Қ. Шуатаева «Құрмет», «Құрмет Белгісі» ордендерімен, медальдармен және Құрмет грамоталарымен марапатталды.