Балаларды қолдау жылына арналған «Жанды сабақтар» жобасы аясында оқушылардың музейлерге саяхаттары өз жалғасын табуда.
7 сәуір күні Балалар мен жасөспірімдер туризмінің республикалық Қауымдастығы төрағасы, Ақмола облыстық мәслихат депутаты Қайрат Сұлтановтың бастамасымен, Зеренді аудандық білім бөлімі және Ақмола облысы мәдениет басқармасының қолдауымен қолға алынған «Жанды сабақтар» атты сынамалы жоба аясында 40-тан астам бүлдіршін Музейге келіп, қала тарихымен танысты.
Зеренді ауданына қарасты Айдабол, Викторовка жалпы орта білім беру мектептері мен Айдарлы, Красный Кордон негізгі мектептерінің 4-8 сыныптарының озат оқушылары назарына Музейдің мемориалдық залдарымен қатар, «Туған қалам — қазынам» атты фотокөрме мен музей қорында сақталған жәдігерлерден құралған ұлттық-этнографиялық көрме ұсынылды. Балалар әсіресе ұлттық көне бұйымдар мен Музей ауласындағы «Кадиллак» маркалы автокөлікті, фотокөрмедегі қаламыздың көне ғимараттарымен байланысты тарихын қызыға тамашалады.
Елімізде болған пандемия жағдайына байланысты соңғы жылдары біраз тұралап қалған балалар демалысын қайта жандандыру, жастар мен музей арасындағы байланысты нығайту мақсатында биыл Музей тарапынан жас буынға ерекше назар аударылып, өткен тарихымыз бен ұлттық рухани құндылықтарымызды дәріптеу, насихаттау арқылы туған өлкемізге деген сүйіспеншілікті тәрбиелеуге бағытталған бірқатар арнайы жобалар жүзеге асырылуда.