Серік Әкпенұлы Аяғанов – қоғам қайраткері, ғалым, медицина ғылымдарының докторы, ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі, Ақмола облыстық мәслихатының екі шақырылымының депутаты (1999-2005жж.). Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты (2005 ж), Көкшетау қаласының Құрметті азаматы.
Серік Әкпенұлы 1952 жылы 10 сәуірде Ақмола облысы Степногорск қаласында дүниеге келген. 1975 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтын хирург-дәрігер мамандығы бойынша тәмамдаған. 1992 жылы Көкшетау облыстық ауруханасының бас дәрігері болып тағайындалған Серік Әкпенұлының медицина саласының дамуына қосқан үлесі зор. Оның басшылығымен 1996 жылы Қазақстанның солтүстік өңірінде алғаш рет хирургиялық практикаға бауыры ауыратын науқастарды емдеуге арналған лапароскопиялық хирургияның бірегей әдісі енгізілді, ол қазіргі уақытта кеңінен қолданылады.
Ол қызмет еткен уақыт аралығында консультативтік-диагностикалық емхана пайдалануға беріліп, көз микрохирургия Орталығы ашылып, облыстық аурухананың материалды-техникалық базасы нығайды. Ақмола облысы мәслихаты депутаты ретінде (1999-2005) ол аймақтың бірқатар маңызды әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешті.
Ақмола облыстық мәслихаты депутаттарының бастамасымен Серік Әкпенұлы ҚР Парламенті Сенатының депутаты ретінде сайланды (2005-2011жж.). Еліміздің тарихында алғашқы ҚР халық денсаулығы мен денсаулық сақтау желілері туралы Кодексін қабылдау бойынша жұмыс тобының жетекшісі ретінде қызмет атқарды.
Серік Әкпенұлы ел игілігі мен халқымыздың денсаулығын сақтау саласындағы ерен еңбегі үшін «Парасат», «Құрмет» ордендерімен, бірқатар медальдармен марапатталды.
