1952 жылы салынып, пайдалануға берілген Көкшетау нан комбинаты одан кейінгі жылдары дамып келе жатқан қаламызды бір өзі нанмен қамтамасыз етті. Жаңа өндірістік құрылыстардың салынуына, жаңа цехтардың ашылуына байланысты нан комбинатының қуаттылығы да арта түсті. Нан-тоқаш цехымен қатар кондитерлік, макарон және торт цехтары пайда болды. Бірнеше рет комбинат ғимараттары күрделі жөндеулерден өткізіліп, ескі өндірістік желілері ғылыми-техникалық прогрестің соңғы жетістіктеріне сай келетін қуатты желілерге ауыстырылды. 1959 жылы жаңа қуатты элеватордың іргетасы қаланды, ал 1968 жылы Көкшетау элеваторы нан өнімдері комбинаты болып қайта құрылды.