Рүстем Шерьязданов (1935-2017жж.) – қоғам қайраткері, Көкшетау қаласының Құрметті азаматы, Көкшетау облысы Рузаев ауданы Сарыбұлақ ауылында дүниеге келген.
Рүстем Шерьязданұлы 1954 жылы ҚазМУ экономика факультетіне оқуға түсіп, оны тәмамдаған соң Көкшетау облыстық жоспарлау комиссиясының аға экономисі ретінде еңбек жолын бастайды (1959-1960). 1969-1973 жж. облыстық жоспарлау комиссиясының төрағасы, 1980-1985 жж. Көкшетау аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Көкшетау облысы халықтық бақылау комитетінің төрағасы (1986-1991), облыстық халық депутаттары Кеңесі төрағасының орынбасары (1991-1993), Көкшетау облысы бойынша Қаржылық бақылау Комитеті басқармасының бастығы (1993-1997), Ақмола облысы бойынша Қаржылық бақылау басқармасының бас маманы (1997-2002), cоғыс және еңбек ардагерлерінің Көкшетау қалалық кеңесі төрағасы қызметтерін атқарған.
1968-1978 жж. облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Еркін Нұржанұлы Әуелбековтың тікелей басшылығымен өңірде ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізілді. Сол жылдары қалада бірнеше орта мектеп ғимараттары, қалалық емхана, туберкулезге қарсы диспансердің жаңа корпусы пайда болды, КДА зауыты, фарфор зауыты, элеватор, әуежай, теміржол және автовокзалдар және т.б. салынды. Осы кезеңде қаржы-экономика саласында қызмет ете жүріп, Рүстем Шерьязданов өлкеміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосты. Рүстем Шерьязданұлының адами асыл қасиеттері ұрпақтарға өнеге. Біртуар тұлғаның туған ел игілігіне атқарған еңбегі ерен. Ол екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, «Құрмет белгісі» орденімен, көптеген медальдармен және Құрмет грамоталарымен марапатталған.
