Туған өлкеміздің тыныс-тіршілігін қаламымен өрнектеген тұлғалардың бірі – журналист, жазушы, ақын, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Мәтен Өтешұлы Бижанов.
Мәтен Өтешұлы 1937 жылы Көкшетау облысы Зеренді ауданы Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. 1966 жылы Көкшетау педагогикалық институтын, 1978 жылы Мәскеудің қоғамдық ғылымдар Академиясын бітірген. Мәтен Өтешұлы – өмірін кәсіби журналистика саласына арнаған шығармашыл тұлға. Алғаш еңбек жолын 1960 жылы Зеренді аудандық «Социалистік жол» газетінде әдебиет қызметкері болып бастап, кейін аудандық «Қызыл ту» газетінде еңбек еткен. «Көкшетау правдасы» газетінің партия бөлімі меңгерушісі қызметін, Торғай облыстық «Торғай таңы», Көкшетау облыстық «Көкшетау» газеттерінде редактор қызметін атқарған. 2001 жылы негізі қаланған тәуелсіз «Бұқпа!» газеті өңір тұрғындарының қызыға оқитын сүйікті газетіне айналды. Мәтен Өтешұлы осынау ұлттық мүдде, ел тарихы мәселелеріне арналған газеттің ұзақ жылдар бойы бас редакторы болып қызмет етті. Көрнекті қаламгердің публицистика жанрында қалдырған қолтаңбасы ерекше. Ол М.Аджидің «Қыпшақтар» атты әйгілі туындысын қазақ тіліне аударған шебер аудармашы. Оның «Ақбұлақ», «Ой-көкпар», «Ой-тұмар», «Ой-тұтқа», «Ой-толғақ», «Ескі дәптер» атты кітаптарына енген шығармаларында халқымыздың ұлттық болмысы шебер суреттелген. Мәтен Өтешұлы – еңбек жолымен, шығармашылық жетістіктерімен кейінгі буынға үлгі-өнеге болған біртуар тұлға.