Көктем мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне орай Көкшетау қаласының тарихы музейі залында «BOOKPArnas» әдеби клубының қатысушылары мен жалпы өлеңсүйер қауымның қатысуымен поэзия кеші өтті. Іс-шараны Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова ашып, Әйел затының әлемді үйлесімділік пен сұлулыққа жетелейтін жарқындық пен мейірімділіктің бастауы екенін атай келе, қатысушыларды келе жатқан мерекемен құттықтап, «BOOKPArnas» әдеби клубының Көкшетау мен Ақмола өңіріндегі заманауи поэзия мен прозаның дамуындағы рөліне ерекше тоқталды. Парламент Мәжілісінің депутаты Наталья Дементьева құттықтау сөзінде елімізге бейбітшілік пен жақсылық, жасампаз күш-қуат тілеп, іс-шара қонақтарына жылы лебізін білдірді.
Кешті ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Рена Жұманова жүргізді. Еркін микрофон форматында белгілі қоғам қайраткері, журналист, педагог Әлия Ахетова өзінің сүйікті авторларының өлеңдерін оқып, іс-шара қонақтарына ақын В.Осиповтың жаңа өлеңдер жинағын ұсынды. Рена Жұманова «Стекловата», «Подушечка для иголок» атты жинақтарына енген өлеңдерін көпшілік назарына ұсынды.
Проза жанрының өкілі Дана Жантемірова балалар жазушыларының республикалық байқауына қатысуы мен байқауда қол жеткізген жеңісі туралы айтып берді. Біржан сал атындағы музыкалық колледж студенттері сүйікті романстарын нақышына келтіре орындады. Іс-шараның ең кішкентай қатысушысы, бірінші сынып оқушысы Айсұлтан Олжабай жиналғандарды көктем мерекесімен құттықтап, өзінің жылы лебізімен қатар аналарға арналған өлеңін оқыды. Креативті фотозона, залдың көктемгі безендірілуі, тақырыптық фотокөрме мерекенің атмосферасын толықтырып, кездесуді жайлы әрі есте қаларлықтай етуге мүмкіндік берді.








