Көкшетау қаласының тарихы музейі қызметкерлері Татьяна Гавриловна Савенконы Алғыс айту күнімен құттықтап, Көкшетау қаласының құрылысы мен дамуына қосқан зор үлесі, көп жылдық қоғамдық жұмысы және белсенді өмірлік ұстанымы үшін шынайы ризашылықтарын білдірді.

Татьяна Гавриловна — алғашқы тың игеруші, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің екі мәрте депутаты, Еңбек Қызыл Ту орденінің кавалері, республиканың Құрметті құрылысшысы, Көкшетау қаласының Құрметті азаматы.

17 жасар қыз, құрылыс училищесін бітіргеннен кейін, 1954 жылы наурызда Украинаның Херсон қаласынан Қазақстанға тың игеру науқанына қатысуға комсомолдық жолдамамен келген. Еңбек жолын Көкшетау облысының бұрынғы Чистополь ауданында бастаған. Кейін Көкшетау қаласына қоныс аударып, «Көкшетау құрылыс» тресінде сылақшы-сырлаушы болып жұмыс істейді. «Отделстрой» тресіндегі әрлеушілердің бригадирі қызметінде ол өзін шебер басшы және ұйымдастырушы ретінде таныта білді. Қаламыздағы «Көкшетау» МҮ, бүгінде қазақ драма театры ретінде танымал саяси ағарту үйі ғимараты, Ш.Уәлиханов атындағы КМУ ғимараты, почтамт және «Боровской», «Васильковский» мөлтек аудандарындағы тұрғын үйлер, облыс орталығындағы барлық дерлік балабақшалар құрылысында Татьяна Гавриловнаның сіңірген еңбегі зор.