1 наурыз – АЛҒЫС АЙТУ КҮНІНЕ орай Көкшетау қаласының тарихы музейі қызметкерлері еңбек ардагері, көпбалалы ана, қолөнерші, ұлттық тағамдарды дайындаудың хас шебері Ахметова Күлпаш Сейдахметқызымен жүздесіп, қошемет көрсетті.
Күлпаш Сейдахметқызы киелі Айыртаудың тумасы, Бірлестік ауылында 1939 жылы дүниеге келген. 1956 жылдың 1-наурызында Талап ауылындағы Ахметовтер әулетіне келін атанған Күлпаш апай жан жолдасы Қарақай атамен бүгінгі күні 13 ұл-қыздан 45 немере, 37 шөбере сүйіп отырған бақытты да, батыр ана. Күлпаш апай колхозда 40 жыл сауыншы болып жұмыс істеген. Кеңес үкіметі кезінде 1972 жылы, он бала туғаны үшін «Батыр ана» орденін алды. Кейін Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін «Күміс алқа» мен «Алтын алқа» медальдарымен марапатталды.
Жас кезінде уақыт тауып өнерге де көңіл бөліп, текемет басып, сырмақ сырып, түскиіз, құрақ көрпе тігіп, алаша тоқып қазақтың қолөнерімен де айналысқан. Аяқ ұршығыпен жүн иіріп, тоқыма тоқитын өнеріне қоса, дәстүрлі тағамдарды да даярлауды жақсы меңгерген. Қымыз, құрт, айран, ірімшік, қоспаның түрлерін дайындау әдістерін өз қыздары мен келіндеріне үйретуден еш жалықпаған.
«Қолымнан дайындаған ас-дәмдерімді ең әуелі көршілерге, ауылдың игі жақсыларына, үлкендеріне «ала жүгіретін» әдетім бар. Содан жаман болғаным жоқ. Үлкендердің, аузы дуалы талай жанның, әсіресе, жолдасымның анасының ақ батасын алдым, мүмкін содан да болар, бала-шағам ауыртпашылық пен ауру-сырқау көрмей, аман өсіп, жетілді. Қарақтарым, шамаларың келсе, адамдардан ақ бата, алғыс-тілек алып жүріңдер, сонда көсегелерің көгереді» — деп сыр бөлісті Күлпаш апай.
Тағы бір тамашасы, Күлпаш апай жастайынан халық әндерін тамаша орындайтын болған. Талай байқауларда ол кісі Ақан серінің «Қараторғайын», Мұхиттың әні «Зәурешті» тамылжыта шырқап, жүлделі орын алған екен. Жастайынан көзі ашық, көкірегі ояу, зердесі мықты Күлпаш апай газет-журналдармен қатар әдеби кітаптарды үзбей оқуды дағдыға айналдырған. Күні бүгінге дейін өзі сүйіп оқитын кейбір журналдарды жаздырып оқитын көрінеді.
2018 жылы Астана қаласы «Қазақ Туризм» ұлттық компаниясының арнайы түсірілім тобы Күлпаш Сейдахметқызының құрт дайындау барысын түсіріп, «ҚАЗАҚ АСЫ: ДӘСТҮР МЕН ДӘМ» энциклопедиясына енгізді. Күлпаш апай Көкшетау қаласының тарихы музейінің ұлттық құндылықтарды насихаттап, келер ұрпаққа жалғастыру бағытындағы іс-шараларына белсенді қатысып, көпшіліктің ықыласына бөленіп жүрген абзал жан. Музей қорында шебердің қолынан шыққан бірегей ұлттық бұйымдары мен тұрмыстық заттары сақталуда. Күлпаш апайдың адами болмысы бүгінгі жастарға өнеге. Көкшетау қаласының тарихы музейі ұжымы сексеннің сеңгіріне шыққан ардақты да, абзал ана Күлпаш Сейдахметқызына зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, салиқалы ұрпақ тілейді.


