Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Осыған орай Көкшетау қаласының тарихы музейінің қызметкерлері 24 ақпан күні Ақмола облысы білім басқармасының Көкшетау қаласы бойынша білім бөлімінің жанындағы «Еркемай» балабақшасында «Көкшетау — көрікті де шежірелі өлке» атты музейлік-интерактивті сабақ өткізді. Бүлдіршіндер бойында туған жерге деген сүйіспеншілік пен патриотық сезімді тәрбиелеу мақсатында өткізілген шара барысында Көкшетау қаласының әр жылдардағы келбетін бейнеленген фотокөрме және өткен ғасырдағы қаланың өмірі мен мәдениетінен сыр шертетін жәдігерлер көрмесі ұйымдастырылды. Сабақ соңында балалар қазақ халқының ұлттық ойындары туралы ақпарат беріліп, «Бес асық», «Ханталапай» және т.б. ойындар ойнатылды.





