Көкшетау қаласының Құрметті азаматы, Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы, еңбек ардагері Владимир Артемьевич бүгін 89 жасқа толар еді… Ол 1933 жылдың 21 қаңтарында Украинаның Винница облысы Дашевский ауданына қарасты Сорока ауылында дүниеге келген. Өзінің инженер-құрылысшы мамандығына соңына дейін адал бола білген Владимир Артемьевич қырық жылдан астам уақыт Көкшетау қаласындағы «Элеватормельмонтаж» құрылыс-монтаждау басқармасының бастығы қызметін абыроймен атқарып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлесін қосқан жан. Білікті басшының жетекшілігімен Ақмола облысында және Қазақстанның өзге де өңірлерінде ауылшаруашылық кәсіпорындары, элеваторлар салынды, түрлі саланың өндірістік кәсіпорындары мен әлеуметтік маңызға ие мәдени нысандарға реконструкциялық жұмыстар жүргізілді. Құрылыс саласының еңбек сіңірген маманы Владимир Артемьевичтің жылдар бойы еліміздің игілігі үшін атқарған жемісті еңбегі лайықты бағаланып, «Құрмет», «Еңбек Қызыл Ту» ордендеріне, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Еңбек ардагері» және басқа да көптеген медальдар мен марапаттарға ие болды. 1996 жылы Владимир Артемьевич Көкшетау қаласының «Жыл адамы» атағына ие болған. Қарапайым еңбек адамының өз ісіне деген адалдығы, еңбексүйгіштігі, туған елге деген шынайы сүйіспеншілігі – өскелең жас ұрпаққа өнеге.



