Ел тарихында есімі алтын әріппен жазылған, соңында өшпес із, өнегелі іс қалдырған біртуар тұлғалардың бірі – жерлесіміз Айтқажы Қазбеков.

Айтқажы Қазбекұлы – профессор, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, КСРО жер қойнауының Құрметті барлаушысы, ҚР минералды ресурстар академиясының мүшесі, «Көкшетаугидрогеология»АҚ президенті, еңбек ардагері, Көкшетау қаласының Құрметті азаматы.

Ол 1933 жылы Ақмола облысы Зеренді ауданына қарасты Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. 1951 жылы Көкшетау қаласындағы №3 орта мектепті алтын медальмен тәмамдаған. Айтқажы Қазыбекұлы — балалық балғын шағы еліміздің басынан өткерген тым ауыр кезеңдермен тұспа-тұс келген ұрпақ өкілі. Тағдырдың талай сынақтарынан сүрінбей өтіп, өз ұстанымдарына болаттай берік тұлға болып қалыптасуына жігерлі жастың білімге деген құштарлығы мен алғырлығы септігін тигізеді. Ол Ленинград мемлекеттік университетінде білім алып, еңбек жолын Қазақстанның геология саласындағы қызметте қатардағы маманнан бастап, экспедиция басшысы, «Көкшетаугидрогеология» акционерлік қоғамының президенті лауазымдарына дейін қол жеткізді. Ғұмырын өңірдің гидрогеология саласын зерттеуге, тарихи жер аттарын анықтауға арнаған Айтқажы Қазбекұлы жалпы өлкеміздің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Оның басшылығымен облыс өңірлерінде тұщы су қорлары зерттеліп, аймақ тұрғындарын ауыз сумен тұрақты қамтамасыз ету мәселесі оңтайлы шешілді. Өндірістік жұмысты ғылыми еңбекпен шебер ұштастыра білген Айтқажы Қазбекұлы өмірінің соңғы жылдарында Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті студенттеріне дәріс оқумен қатар ғылыми ізденістерін тоқтатпаған. Жер қойнауы байлықтарын тану, зерттеу саласында бірегей қолтаңбасын, соңында жас мамандарға жол көрсетіп, жөн сілтер құнды мұрасын қалдырған ғалым, танымал тұлға Айтқажы Қазыбекұлының еңбек жолы, өз туған жеріне деген сүйіспеншілігі кейінгі ұрпақтарға өнеге, оқу-әдістемелік нұсқаулықтары, ғылыми еңбектері мен монографиялары – баға жетпес асыл мұра.