Көкшетау қаласының тарихы музейінің ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік жылдарындағы Көкше тарихы»  атты музейлік жоба аясындағы мәдени-көпшілік іс-шаралары 24-қараша күні Шағалалы агротехникалық колледжінде «Тұғыры биік туған ел»  атты жылжымалы көрмемен жалғасты.

 Ақмола облысы мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының бастамасымен ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жарияланған «30 жұлдызды күн» атты іс-шаралар шеруі аясында туған өлкеміздің  30 жылда жеткен жетістіктерін насихаттау – ұрпақтар сабақтастығының негізгі көрінісі. Туған еліне деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу арқылы жастардың бойында қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға бағытталған іс-шара  барысында Шағалалы агротехникалық колледжі студенттері мен ұстаздар ұжымы назарына Көкшетау қаласының құрылу және даму кезеңдері, туған қаламыздың көне ғимараттары, Ұлы Отан соғысы және соғыстан кейінгі  жылдарды бейнелейтін тарихи фотодеректермен қатар көкшетаулық фотограф Серікбай Жәнібековтың заманауи қаламыздың көрікті келбетін, Тәуелсіздік жылдары бой көтерген заманауи тұрғын үйлер мен сәулетті ғимараттарды, ескерткіштер мен Көкшенің көркем табиғатын ұшар биіктен түсірген фотосуреттері ұсынылды. Сонымен қатар музейлік жәдігерлер арқылы соңғы 30 жылдағы еліміздің жетістіктері және Көкшетау қаласының әлеуметтік-экономикалық даму тарихы баяндалды.

Айтулы датаға арналған көрмені 200-ден астам адам тамашалады.