17 қарашадан бастап Ақмола облысы мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жариялаған «30 жұлдызды күн» акциясы жүзеге асырылуда.
Көкшетау қаласының тарихы музейімен мерекелік акция аясында жоспарланған мәдени-көпшілік іс-шаралар қаламыздағы Жоғары техникалық колледжде басталды.
Жастардың бойында рухани-адамгершіліктік және әлеуметтік құндылықтар болып табылатын қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, өз еліне деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, Көкшетау қаласының тарихына қызығушылық пен құрмет сезімдерін дамыту мақсатында ұйымдастырылған фотокөрме арқылы студент жастар мен ұстаздар Көкшетау қаласының негізгі даму кезеңдерімен, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің қалыптасуы мен нығаю жылдарындағы жетістіктерімен танысты.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық дағдарыс жағдайында қаламызда бірқатар өндірістік кәсіпорындар өз қызметін тоқтатуға мәжбүр болғанымен, соңғы 30 жылда еліміздің еңсесін көтеріп, көркеюімен қатар туған қаламыздың да қол жеткізген жетістіктері – өскелең жас ұрпақ үшін өнеге.
Көрермендерге әсіресе көкшетаулық фотограф Серікбай Жәнібековтың заманауи қаламыздың көрікті келбетін, Тәуелсіздік жылдары бой көтерген заманауи тұрғын үйлер мен сәулетті ғимараттарды, ескерткіштер мен Көкшенің көркем табиғатын ұшар биіктен түсірген фотосуреттері жағымды әсер қалдырып, туған өлке тарихына деген қызығушылықтарын арттырды.
Фотокөрмені Жоғары техникалық колледждің 500-ден астам студенттері мен ұстаздары тамашалады.

