Биыл Қазақ елі өз Тәуелсіздігінің 30-шы  жылына қадам басып отыр.

Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Қазіргі Қазақстан – әлемдік қоғамдастықтың толыққанды мүшесі, өсіп келе жатқан экономикасы, біртұтас халқы мен болашаққа деген үлкен жоспары бар ел. Тәуелсіздік тарихының 30 жылдық мерзімінде еліміз қоғам өмірінің түрлі салаларында ауқымды реформаларды табысты жүзеге асырған заманауи, бәсекеге қабілетті мемлекетке айналды.

 Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу тұжырымдамасында айтылғанындай, Елбасы болашақтың басты активі  — жастар деп есептейді, сондықтан ол көпқырлы және жүйелі жастар саясатын қолдайды, бұл стратегиялық тәсіл біздің елімізді әлемнің ең үздік 30 мемлекетінің қатарына шығаруға қабілетті, білімді жас патриоттардың қуатты тобын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Көкшетау қаласының тарихы музейімен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жыл басында жоспарланған «Тәуелсіздік жылдарындағы Көкше тарихы» атты арнайы жоба аясында тақырыптық-танымдық іс-шаралар атқарылуда. Солардың бірі — 28 сәуір күні Көкшетау қаласының Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі мен Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжі студенттері арасында ұйымдастырылған «Қазақстан: жетістіктер тарихы»  атты интеллект show.

Іс-шараның басты мақсаты  — жас ұрпақты Тәуелсіздік тарихымен, оның қалыптасып, нығаюы жолындағы тарихи оқиғалармен таныстыра отырып, өз елін, туған жерін қастерлеп, басты құндылықтарымызды құрметтеуге баулу, рухани жаңғырудың идеялары мен құндылығын насихаттайтын заманауи  қазақстандық жастарды қолдау.

М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында өткен жастар арасындағы байқауға Ақмола облысының мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының бас маманы Шәріпова Жанна Қалымқызы,  М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы директорының орынбасары Оспанов Қуаныш Ерғалиұлы және Көкшетау қаласының тарихы музейінің бөлім меңгерушісі Күнсұлу Меңдібайқызы Нұрғалиева төрелік етіп, өнерлі де білімді жастарға әділ бағаларын берді.

Байқауға қатысушы жастар Қазақ елінің қалыптасуынан бастап, заманауи Тәуелсіз Қазақстан тарихына дейінгі интеллектуалды сұрақтар және ұлттық әдет-ғұрыптар бойынша өз білімдерімен сынасып, сонымен қатар ұлттық құндылықтарымыз — қазақ халқының ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлері жаңғыртылып, жастар театрландырылған қойылымдар арқылы өз өнерлерін, шығармашылық қабілеттерін ортаға салды.

Көкшетау қаласының беделді де шоқтығы биік қос колледжі студенттерінен құралған «Жас ұрпақ» және «Болашақ» командаларының  жанкүйерлері курстастарына білім сайысы арасында өз шығармашылық өнерлерімен  қолдау көрсетіп, іс-шараның көрігін қыздыра түсті.

Қазылар алқасының шешімімен Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің «Жас ұрпақ» командасы жеңімпаз атанып, байқаудың арнайы дипломына және арнайы жүлдесіне ие болды. Сайысқа түскен жас өрендерге Көкшетау қаласының тарихы музейі атынан алғыс хаттар және естелік сыйлықтар табысталды. 

Іс-шара соңында қонақтардың назарына Көкшетау қаласының іргетасы қаланып, қалыптасуынан бастап, бүгінгі күнге дейінгі тарихынан сыр шертетін «Қала тарихы – ұрпақ тарихы» атты жылжымалы фотокөрме ұсынылды.

Білімді азаматтарымызды еліміздің басты капиталы ретінде көрсетуге, жастарды  өз Отанына деген сүйіспеншілікке, өткен тарихы мен мәдениетін білуге, олардың азаматтық сана-сезімін қалыптастыруға, жоғары патриоттық сенімділікті қалыптастыруға бағытталған іс-шараның жастарымыз үшін танымдық мәні өте зор.