18 наурыз – Игі істер күніне орай музейде «Жақсылықтың  жаршысы  – әз Наурыз» атты мерекелік іс-шара өткізілді. Іс-шараға көпбалалы ана, Ақмола облыстық аурухананың жан сақтау бөлімінің анестезист-медбикесі Сақтағанова Айсұлудың отбасы арнайы шақырылды. Қонақтар ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға арналған логикалық ойындар, этнографиялық көрмедегі киіз үй жиһаздары мен өзге де ұлттық бұйымдарымыз арқылы салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымыздан мағлұмат алды. Ата-ана ретінде өз балаларына тәлім-тәрбие берумен қатар, осынау қазіргі қиын кезеңде адамдарды ажалдан арашалап, науқастарға үміт пен өмір сыйлап жүрген Айсұлу Құдайбергенқызы мен қауіпсіздікті сақтау саласында еңбек ететін жолдасы Мүслім іс-шара барысында түрлі ұлттық ойындарға белсене қатысып, өз өнерлерін ортаға салған ұл-қыздарының қуанышын көріп, отбасылық тамаша демалыс үшін музей ұжымына ризашылықтарын білдірді. Мерекелік арнайы ас – Наурыз көжеден дәм татып, оның жасалу әдіс-тәсілдерімен жақынырақ танысқан жанұяға музей атынан естелік сыйлықтар мен балдырғандарға тәттілер табысталды.