8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Көкшетау қаласының тарихы музейінде «Шабыт сыры» («Тайна вдохновения») атты шығармашылық кездесу өтті. Йога, Тай-чи өнері техникасы бойынша сертификатталған жаттықтырушы, өзінің жеке «Лалитанги» брендіне айналған сәндік тастардан, моншақтардан, былғарыдан жасалған жоғары көркем әшекейлердің авторы Ләззат Мақатова –15 жылдан астам уақыт йога тәжірибесімен айналысады. Іс-шара барысында қатысушыларға шебердің жеке көрмесі, Үндістан мен Тибетке саяхат туралы қызықты әңгімелерімен қатар, тибеттік тостағандардың, караталдардың емдік дыбыстарын тыңдаудың, Садху шегелі тақтасында тұру арқылы төзім мен шыдамдылық қасиеттерін тексерудің ерекше мүмкіндігі ұсынылды. Ләззат Мақатова әрбір әйелге менталдық және физикалық денсаулықты нығайту бағытында кеңес беріп, бойға күш-қуат, сергектік пен шабыт сыйлайтын йога сабағына шақырды.
Көкшетау қаласының тарихы музейінің директоры Ботагөз Жәкенқызы Ғабдуллина Ләззат Санзыбайқызын және іс-шараның құрметті қонақтары – туған еліміздің игілігі үшін күн сайын жауапты қызметте еңбек етіп жүрген запастағы аға прапорщик, өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің диспетчері Ләззат Қажкенова мен Ақмола облысы бойынша полиция департаменті госпиталінің медбикесі Аягөз Әмірғалиеваны келе жатқан мерекелерімен құттықтап, алғыс хаттар табыстады.



