24 қазан күні Көкшетау қаласының тарихы музейі қызметкерлері қалалық қазақ кітапханасында ХХ ғасырдың басындағы Алаш азаттық қозғалысының көрнекті қайраткері, драматург, әдебиеттанушы, тілші-ғалым әрі ағартушы Қошке Кемеңгерұлының туғанына 130 жыл толуына орай мәдени-танымдық іс-шара өткізді.
Рухани кешке зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, қайраткердің ұрпақтарымен қатар Шоқан Уәлиханов атындағы университеттің филология факультеті студенттері белсене қатысты. Салтанатты жиында Алаш арысының немересі, ардагер ұстаз Ризабек Нарманбетұлы, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Сәбит Нұрмұхамбетұлы Жәмбек, журналист-қаламгер, «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының директоры Бақыт Смағұл және қайраткердің шөбересі, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры Қайырбек Кемеңгер сөз сөйлеп, Қошке Кемеңгерұлының ұлт азаттығы жолындағы күресі, «Жас азамат» газетіндегі публицистикалық еңбектері мен қазақ драматургиясына қосқан өлшеусіз үлесі туралы баяндап, өскелең ұрпаққа өнегелі естеліктерімен бөлісті.
Жиналған қауым назарына Алаш қайраткерінің өнегелі өмір жолы мен бай мұрасына арналған арнайы фотокөрме ұсынылды.
Кеш соңында белгілі ақын, Мәдениет саласының үздігі, Көкшетау қаласының тарихы музейінің директоры Алмас Қажыбайұлы Темірбай қорытынды сөз сөйлеп, Алаш арыстарының аманатына адал болу, олардың бай мұрасын келешек жастардың санасына сіңіру — баршамыздың ортақ борышымыз екенін атап өтті.








