20 қазан күні Көкшетау қаласының тарихы музейі қызметкерлері Қалалық қазақ үлгілі кітапханасымен бірлесе жазушы-драматург, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мағира Қожахметованың өмірі мен шығармашылығына арналған «Жазушы, публицист, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мағира Қожахметова – 80 жаста» атты мәдени-танымдық кеш өткізді.
Зеренді ауданының тумасы, зерделі сөз шебері Мағира Дәулетбекқызының отандық әдебиет пен баспасөздің дамуына қосқан өлшеусіз үлесін, ұлттық руханият жолындағы еңбегін ұлықтауға бағытталған іс-шараға зиялы қауым өкілдері, мәдениет қызметкерлері мен студент жастар қатысты.
Мерейтойлық кеште филология ғылымдарының кандидаты, профессор, ғалым, ұстаз С.Жәмбек, белгілі журналист, ақын, Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы Қ.Төреғожа, белгілі ақын, жазушы, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі, ҚЖО Ақмола облыстық филиалының төрағасы, Көкшетау қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің басшысы С.Жетпісқалиев жазушының шығармашылық зертханасына үңіліп, қаламгердің шынайы болмысы, ізденіске толы еңбек жолы мен сөз өнеріндегі дара орны жайлы салиқалы ой өрбітті.
Сонымен қатар кеш қонақтарының назарына қаламгерлік пен қайраткерлікті тең ұстаған Мағира Дәулетбекқызының ғибратты өмірі мен сан қырлы шығармашылығынан сыр шертетін арнайы фотокөрме ұсынылды. Қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасы бар танымал ақын, Мәдениет саласының үздігі, Көкшетау қаласының тарихы музейінің директоры А.Темірбай мерейтой иесіне ақжарма лебізін өлеңмен жеткізіп, Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің 4 курс студенті Сейтімхан Кәусар әсем әнімен көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.