Көкшетау қаласының тарихы музейі қызметкерлері Ш. Уәлиханов атындағы университет жанындағы көпсалалы колледж студенттерінің қатысуымен «Ұршық құдіреті» атты музейлік сабақ өткізді. Танымдық көрме-дәрістің басты мақсаты — қазақ халқының дәстүрлі қолөнерін, соның ішінде жіп иіру өнерін жастар арасында дәріптеу; өскелең ұрпақтың бойында ата-бабамыздан қалған материалдық және рухани мұраға деген құрмет пен сүйіспеншілікті қалыптастыру; жастардың тарихи-мәдени танымын кеңейту және ұрпақтар сабақтастығын нығайту. Іс-шара аясында студенттерге жүнді алғашқы өңдеуден өткізу және оны иіру технологиялары туралы теориялық дәріс оқылды. Қатысушылар Көкшетау қаласының тарихы музейінің қорында сақталған көне ұршықтардың көрмесімен танысып, олардың жасалу ерекшеліктері туралы мәлімет алды. Теориялық бөлімнен кейін студенттерге арналған тәжірибелік сабақ ұйымдастырылды. Шара барысында колледж білім алушылары іс жүзінде жүн түту және ұршықпен жіп иіру машықтарын меңгерді. Ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталған музейлік сабақ өз мақсатына жетіп, студенттердің қазақ қолөнеріне деген қызығушылығын арттыруға септігін тигізді