22 қыркүйек – Халықаралық көшпенділер мұрасы күні Халықаралық көшпенділер мұрасы күні – 2025 жылы ЮНЕСКО Бас конференциясының 43-сессиясында бекітілген, әлемдік өркениеттің қалыптасуына орасан зор үлес қосқан көшпелі халықтардың мәдениетін, салты мен рухани құндылықтарын ұлықтайтын атаулы күн. Осы айтулы датаға орай Көкшетау қаласының тарихы музейінде жас ұрпақтың отаншылдық рухын шыңдап, ата-бабамыздан қалған асыл мұраны ұлықтауға бағытталған тақырыптық көрме-дәріс өтті. Іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпаққа көшпенділер өркениетінің бай тарихын, салт-дәстүрі мен рухани құндылықтарын насихаттау, сонымен қатар жастардың бойында отаншылдық рух пен тарихи сананы қалыптастыру. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің жанындағы көпсалалы колледж студенттерінің қатысуымен өткен іс-шара барысында жастарға көшпелі халықтардың әлемдік өркениетке қосқан үлесі, олардың табиғатпен гармонияда өмір сүру философиясы туралы мазмұнды дәріс ұсынылды. Сонымен қатар олар музей қорында сақталған бірегей тарихи-этнографиялық жәдігерлер мен көшпенділердің тұрмыстық бұйымдарының көрмесін тамашалады.