Бүгін Көкшетау қаласының тарихы музейі қызметкерлері қаламыздың №4 орта мектебінің 9 сынып оқушыларымен «Тіл – ұлт қазынасы» атты интерактивті-танымдық іс-шара өткізді. Қазақстан халқының тілдері күніне орай ұйымдастырылған іс-шараның негізгі мақсаты – жас ұрпаққа тілдің ұлт тарихы мен мәдениетін сақтаудағы маңызын түсіндіру, мемлекеттік тілге деген құрметті арттыру және ұлттық мұраны дәріптеу. Кездесу барысында оқушылар «Жәдігер сөйлейді», «Көне сөзді тап», «Ыммен көрсет», «Мақалды жалғастыр», «Бұл қай тіл?» атты қызықты ойындар мен танымдық тапсырмаларға белсенді қатысты, мақал-мәтелдерді жалғастырып, әртүрлі тілдердегі амандасу сөздерін танып, тіл туралы өз ойларын ортаға салды. Музей қызметкерлері оқушылар назарына қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен мәдениетінен сыр шертетін ұлттық этнографиялық көрме ұсынып, домбыра, бесік, сәукеле, кебеже, асадал, саба, торсық секілді ұлттық бұйымдарды таныстырып, олардың атауы мен қолданылуы туралы мағлұмат берді.