Көкшетау өңірінің шеберлері
Мәрия Төлеубайқызы – қолөнер шебері. Ол 2005 жылы Қытай Халық Республикасынан атажұртқа қоныс аударған. Қанында бар өнерді кәсіби біліммен ұштастыру мақсатында 2008–2012 жылдары Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығы бойынша жоғары білім алған Мәрия Төлеубайқызы еңбек жолын 2013 жылы Талапкер ауылының орта мектебінде бастап, кейін 2015–2025 жылдар аралығында Қоянды ауылының №1 орта мектебінде еңбек етеді. Ал 2025 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Қоянды мектеп-лицейінде көркем еңбек пәнінің мұғалімі ретінде шәкірттердің шығармашылық қабілетін шыңдап келеді.Ұстаздықпен қатар, шетелдегі қолөнер мектебінен алған білімі мен кәсіби ізденісін ұштастырған Мәрия Төлеубайқызы ғажайып туындыларымен төл өнерімізді заманауи стильде жаңғыртуда. Соңғы 4 жыл көлемінде ол жүнмен жұмыс істеу (киіз басу) технологиясын терең меңгерген. Бүгінгі күні оның шеберханасынан шыққан этно-стильдегі сәнді бас киімдер, ұлттық нақыштағы бірегей әшекей бұйымдар, инемен жүнді басу (фелтинг) бұйымдары мен шағын көлемдегі ұлттық текеметтер көпшіліктің сұранысына ие. Шебердің әр жұмысынан ұлттық код пен заманауи эстетиканың тамаша үйлесімі сезіледі. Ұлттық мұраны тек сақтап қана қоймай, оны брендке айналдырып, жас ұрпаққа үлгі болып жүрген Мәрия Төлеубайқызының шығармашылығы — зерттеуге де, насихаттауға да әбден лайықты.












