Бүгін Көкшетау қаласының тарихы музейінде «Зерек» балабақшасының бүлдіршіндерінің қатысуымен қазақ халқының ұлттық мұрасы мен салт-дәстүріне арналған танымдық іс-шара өтті.
Іс-шара барысында балалар киіз үй, ұлттық киімдер, ою-өрнектер, қолөнер бұйымдары, ұлттық тағамдар, домбыра және «Жеті қазына» туралы қызықты мәліметтермен танысты.
Бүлдіршіндер түрлі ойындар мен тапсырмаларға белсенді қатысып, «Сиқырлы сандықтың» құпияларын ашып, ұлттық бұйымдарды танып, ою-өрнектерді ажыратып, өз білімдерін ортаға салды.
Мұндай танымдық кездесулер жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттырып, ата-баба мұрасын құрметтеуге тәрбиелейді.
«Ұлттық мұраны білу – өткенді тану, болашақты бағалау!»




















