Бүгін Көкшетау қаласының тарихы музейінде ерекше мәдени-танымдық іс-шара өтті. Қазақ әдебиетінің алыбы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, тарихи романдарымен ұлт санасын жаңғыртқан дара тұлға ‒ Ілияс Есенберлиннің Ақмола облысының Атбасар қаласында орналасқан әдеби музейінің көшпелі көрмесі ашылды. Іс-шараға өңіріміздің зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласының қызметкерлері мен қала тұрғындары қатысып, ұлы жазушының рухани мұрасымен сусындады. Мәдениет саласының үздігі, Ілияс Есенберлин әдеби музейінің меңгерушісі Ұлболсын Даниярқызы көрмеде ұсынылған жауһар жәдігерлермен таныстырып, қазақ тарихын әлемге танытқан көрнекті қаламгердің өмірі мен шығармашылығынан мағлұмат берді. Ақын, балалар жазушысы, Қазақстан журналистер одағы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Серік Жетпісқалиев жазушы мұрасының қазіргі қоғам үшін маңыздылығына тоқталса, өлкетанушы, PhD докторанты, тарихшы Арман Әбілқадыров Ілияс Есенберлин шығармаларының тарихи және ғылыми құндылығын атап өтті.
Көрмеде ұсынылған жазушыға және оның отбасы мүшелеріне тиесілі бірегей жеке заттар, құжаттар, фотосуреттер, кітаптар, тұрмыстық бұйымдар мен отбасылық жәдігерлер Ілияс Есенберлиннің тұлғасын, өмір жолын, шығармашылық қызметін және отбасы құндылықтарын тереңірек тануға мүмкіндік береді.
Барша қала тұрғындары мен қонақтарын 2026 жылдың 5 тамызына дейін
ұлы жазушының ғажайып әлемімен танысуға шақырамыз!