БҮГІН КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТАРИХЫ МУЗЕЙІНІҢ ҰЙЫМДАСТЫРУЫМЕН ЗЕРЕНДІДЕГІ «СҰҢҚАР» БАЛАЛАР САУЫҚТЫРУ ЛАГЕРІНДЕ ДЕМАЛУШЫ БАЛАЛАР ҮШІН ҰЛТТЫҚ ДОМБЫРА ЖӘНЕ АСТАНА КҮНДЕРІНЕ АРНАЛҒАН ІС-ШАРА ӨТТІ.
Музей қызметкерлері еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған балалар үшін бірден бірнеше тақырыптық алаңды біріктірген қызықты бағдарлама әзірледі. Қатысушылар Астанаға виртуалды саяхат жасап, Елорда күніне арналған фотокөрмемен танысты, сондай-ақ Ұлттық домбыра күніне орайластырылған музей қорындағы ұлттық музыкалық аспаптар көрмесін тамашалады. Сонымен қатар, балалар назарына патефон, ескі радиолар, магнитофондар мен күйтабақтарға толы «»Мелодия» дүкені» арнайы инсталляциясы ұсынылды.
Мектеп оқушылары үшін әр жәдігер өз тарихынан сыр шертетін «Музей в чемодане» интерактивті бағдарлама ерекше қызығушылық тудырды. Ал «Өз домбыраңды жаса» шығармашылық алаңында балалар ұлттық аспаптың дайындамаларын бояп, қызықты тапсырмалар мен танымдық викториналарда бақ сынады.
Кеш соңында «Сұңқар» лагерінің балалары Ұлттық домбыра күніне орай күй орындап, өз өнерлерін паш етті. Жиында Мейрамбек Балым «Ертұран», Толыспай Алихан «Ерке сылқым», Сайлау Ерсұлтан «Балбырауын», ал Қайрат Айлана «Адай» және «Ертұран» күйлерін жоғары деңгейде орындап шықты. Жас домбырашылардың әсерлі өнері ұлттық құндылықтарды дәріптеп, көрермендердің зор қошеметіне бөленіп, мерекелік кештің көркін аша түсті.
Мұндай көшпелі іс-шаралар Көкшетау қаласының тарихы музейі үшін қалыптасқан игі үрдіске айналды. Олар өскелең ұрпақты тарихпен, мәдениетпен және музей жәдігерлерімен қызықты әрі интерактивті форматта таныстыруға септігін тигізеді. Өткізілген шара балалардың ой-өрісін кеңейтіп, жарқын сезімдер мен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
