Сейсембаева Баян Амангелдіқызы – Ақмола өңірінен шыққан дарынды сәндік-қолданбалы өнер шебері. Ол 1972 жылы 26 қарашада Қорғалжын ауданының Құмкөл ауылында дүниеге келген. 1980-1990 жылдары Жантеке ауылындағы Қызылту орта мектебінде оқып, 1990-1992 жылдары Ә. Майкөтов атындағы Целиноград педагогикалық училищесінде білім алған. Қолөнерші бұл өнердің өз бойына он саусағынан өнер тамған анасынан дарығанын айтады. Баян Амангелдіқызы күнделікті тұрмысқа қажетті заттардан бастап, көздің жауын алатын түрлі картиналарға дейін өз қолымен жасайды. Оның көркем туындылары жай ғана бұйым емес, әрбір туындысынан отансүйгіштік, батырлық пен ерлікті мадақтау, сондай-ақ ақылдылық, парасаттылық, достық пен адамгершілік тәрізді игі қасиеттерді дәріптеу айқын аңғарылады. Баян Амангелдіқызының еңбектері ұлтына, туған жеріне және Отанына деген шексіз махаббат пен ыстық сезімнің жарқын көрінісі іспеттес. Ол талай аудандық, облыстық көрмелерге қатысып, жоғары марапаттарға ие болған. 2023 жылы Мәдениет саласының дамуына қосқан үлесі мен мінсіз қызметі үшін «ҚР мәдениет және өнер саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған.