Кейде музей жәдігерлері бізге өткен күннің жай ғана бір заты ретінде емес, біреудің жанының бөлшегі, отбасылық тарихы мен жарқын естелігі ретінде келеді.

Жақында музей қоры құнды этнографиялық жәдігерлермен — дәстүрлі қалталармен толықты. Бұл жәдігерлерді музейдің ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі Г.Қ. Зарапова табыстады. Олар Гүлмира Қарақайқызының анасы — жоғары үкіметтік наградалармен, атап айтқанда «Батыр ана» орденімен және «Алтын алқа» алқасымен марапатталған Күлпаш Сейдахметқызы Ахметованың (1938-2025 жж.) қолынан шыққан. Күлпәш Сейдахметқызы бүкіл өмірін отбасына арнады. Ол жұбайы Қарақаймен бірге 13 бала өсіріп-тәрбиеледі, 45 немере сүйіп, үлкен әрі тату отбасында 47 шөберенің дүниеге келгеніне қуанып үлгерді. Оның үлкен әрі мейірімді жүрегінде әрбір жақыны үшін махаббат пен қамқорлықтың ерекше орны бар еді.

Музейге өткізілген ұлттық бұйымдарды ол немерелерінің болашақ үйлену тойларына арнап, алдын ала өз қолымен тіккен. Әр бұйымның әшекейін ұқыпты таңдап, ою-өрнегін ойластырып, әлі талай той көрсем, қуанышты тілектер естісем және дәстүр бойынша қонақтарға мерекелік қалта таратсам деген арманмен әр іске жүрегінің жылуы мен жас отбасыларға деген ақ тілегін аямай сіңірген.

Бүгінде салтанатты жиындарда заманауи сыйлық жиынтықтары, көлемді мерекелік композициялар жиі қолданылады. Бірақ дәл осындай әжелеріміз бен аналарымыз тіккен қалталар халықтық жадының, отбасылық жылулық пен ұлттық дәстүрге деген құрметтің нағыз символы болып қала бермек.

Анасы өмірден өткеннен кейін, Гүлмира Қарақайқызы өте маңызды шешім қабылдап, бұл бұйымдарды біздің музейге табыс етті. Енді бұл жәдігерлер тек халықтық сәндік-қолданбалы өнерінің үлгісі ретінде ғана емес, сонымен бірге бүкіл бір әулеттің анасы болған, өмір бойы жақындарына махаббат пен жылулық сыйлаған ғажап жанның құрметіне айналған мәңгілік естелік ретінде сақталады. Біз Гүлмира Қарақайқызына музейге жасаған осы бір тебірентерлік тартуы үшін шын жүректен алғыс айтамыз. Себебі, мұндай әрбір жәдігер артында адам тағдыры, отбасылық құндылықтар жатыр.