Бахшагүл Байдолдақызы — өнер мен экологияны ұштастырған бірегей тұлға, Ақмола облысы Қоянды мектеп-лицейінің көркем еңбек пәні мұғалімі, қолөнер шебері.
Бахшагүл Байдолдақызы 1980 жылы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында ұстаздар отбасында дүниеге келген. Алғашқы білімін Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-де «Заңгер» мамандығы бойынша алып, қорғаныс саласында қызмет етсе де, өнерге деген құштарлық оны дизайн әлеміне алып келді. Кейіннен Қарағанды мемлекеттік университетінде «Дизайн және технология» мамандығын игеріп шықты.
Бүгінде шебер музейлік деңгейдегі туындылар жасаудың жаңа соқпағы — Upcycling (қалдықтарды қайта өңдеу) бағытын серік еткен. Ол қарапайым газет-журналдар мен пластикалық бөтелкелерді кәдеге жарату арқылы ұлттық нақыштағы жанатын шамдар топтамасын, бас киімдер, қол сөмкелер мен әшекей бұйымдар дайындайды. Бұл бастама «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында қоршаған ортаны улы қалдықтардан қорғауға үлес қосып қана қоймай, ұлттық құндылықтарды жаңғыртудың бірегей жолына айналды. Еуразия дизайнерлер және этно-дизайнерлер одағының мүшесі, «Академик» атағы мен «Үздік педагог» медалінің иегері Бахшагүл Байдолдақызының шәкірттерімен бірге атқарып жатқан бұл еңбегі — табиғатқа жанашырлық пен ұлттық мұраға деген шексіз құрметтің көрінісі. Өңіріміздің мәдени әрі экологиялық қорын байытып жүрген дарынды шебер Бахшагүл Байдолдақызына шығармашылық шабыт, толағай табыс тілейміз!