Кеше Көкшетау қаласының тарихы музейінде халықаралық музейлер күніне орай іс-шара өтті. Мерекелік іс-шараның құрметті қонақтары – журналист, публицист, жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ақмола облысы әкімінің кеңесшісі Жабал Ерғалиұлы Ерғалиев ағамыз, Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Баубекқызы Сәбитова, қоғам қайраткері, ұзақ жылдар бойы еліміздің спорт саласының дамуына зор үлес қосқан танымал тұлға, Қазақстандық салалық Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының Ақмола облыстық филиалының төрағасы Марат Молдашұлы Қойшин, «Аманат» партиясының Ақмола облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ақманат Әлімбетова музей ұжымын кәсіби мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Өңір тарихы мен мәдениетін ұлықтаудағы музей қызметіне жоғары баға берген руханият жанашыры Жабал Ерғалиұлы ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатын салтанатты түрде табыстады. Сондай-ақ ол музей директоры Алмас Қажыбайұлына Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың Алғыс хатын, есепші Мәдина Ахметжановаға, ғылыми қызметкер Салтанат Бижановаға және экскурсиялық-көпшілікпен жұмыс бөлімінің меңгерушісі Күнсұлу Нұрғалиеваға облыс әкімінің орынбасары Д. Айтбаевтың атынан Алғыс хаттар табыс етті.
Марат Молдашұлы музей қызметкерлері: Бақтыгүл Мұқанова мен Евгения Насырованы Қазақстандық салалық Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы төрайымы С.Иманқұлованың атынан Құрмет грамоталарымен марапаттап, Торғын Ахметова, Айгүл Рахмалина, Әсел Бекенбаеваға алғыс хаттар табыстады. Сонымен қатар музейдің бас есепшісі Гүлнар Ахметова, қор сақтау бөлімінің меңгерушісі Ольга Сартова «Салалық кәсіподаққа – 30 жыл» мерейтойлық төсбелгісімен, экскурсиялық-көпшілікпен жұмыс бөлімінің меңгерушісі Күнсұлу Нұрғалиева «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды.
Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Баубекқызы өз сөзінде музей ісінің қыр-сырын меңгерген, тарихи жәдігерлерді көздің қарашығындай сақтап, насихаттап жүрген мамандардың еңбегін ерекше атап, ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі Гүлмира Зараповаға, экскурсовод Руслан Мақашевке, Айгерім Сатыбаеваға Алғыс хаттарын табыстады.
Жабал Ерғалиұлы музей директоры Алмас Қажыбайұлына жақында жарық көрген өзінің «Өрт» прозалық жинағын сыйға тартып, иығына оқалы шапан жапты. «Аманат» партиясының Ақмола облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ақманат Әлімбетова ұжымды кәсіби мерекемен құттықтап, музейдің жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудегі, ұлттық код пен тарихи сананы сақтаудағы маңызды рөлін ерекше атап өтті. Салтанатты іс-шара соңында музей директоры Алмас Қажыбайұлы келген қонақтарға ризашылығын білдіріп, ұжымның алдағы уақытта да аймақ тарихын түгендеу жолында аянбай еңбек ете беретінін жеткізді. Сый-құрмет пен шынайы лебіздерге толы бұл кеш мәдениет пен өнер жанашырларының басын қосқан үлкен рухани мерекеге айналды.
