Музей – мәдениет саласының басты рухани қазынасы, тарихи жады мен ұлттық кодты сақтаушы негізгі орталығы.
Осынау жарқын мереке қарсаңында, дәстүрлі «Музейдегі түн» акциясы аясында Көкшетау қаласының тарихы музейі Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданындағы Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Сырымбет тарихи-этнографиялық музейімен бірлескен «Көкшетау мен Айыртау – егіз мекен» атты мәдени-танымдық іс-шара өткізді.
Басты мақсат – өңірдің ең көрікті, тарихи және киелі қос мекенінің мәдени сабақтастығы мен терең тарихын, есімдері өлке тарихында алтын әріптермен жазылған біртуар тұлғаларды ұлықтау, музейлер арасындағы ынтымақтастықты нығайту, жастардың өз елінің тарихы, мәдениеті мен өнеріне деген қызығушылықтарын қалыптастыру.
Көкшетау мен Айыртау өңірлерінің тарихи-мәдени сабақтастығына арналған іс-шара қос музей басшылары – Алмас Қажыбайұлы Темірбай мен Нұргүл Қабдырашитқызы Құлбаеваның музейлер арасында жасасқан ынтымақтастық меморандумының салтанатты түрде бекітілуімен басталды.
Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Сырымбет тарихи-этнографиялық музейі – ғалым, ағартушы, саяхатшы Шоқан Уәлихановтың мұрасын сақтап қана қоймай, оны насихаттаудағы жоғары деңгейдегі жұмысы үшін облыстық байқауда «Үздік музей» атағын лайықты түрде иеленген мәдениет ошағы. Оның құрамындағы Айғаным қонысы мен құнды жәдігерлер кешенді еліміздің ең маңызды мәдени ошақтарының біріне айналдырды.
Музей директоры Нұргүл Қабдырашитқызы Көкшетау қаласының тарихы музейінің ұжымын Айыртау ауданының әкімі Мейрам Жақсылықұлы Меңдібаевтың атынан кәсіби мерекемен құттықтап, Алғыс хатын табыстады.
Көкшетау қаласының тарихы музейінің ұжымы Сырымбет ауылының тұрғындарына, оқушылар мен ұстаздар қауымы назарына Көкшетау мен Айыртау өңірлерінің мәдени, табиғи және тарихи байланысын ашатын «Арқаның кербез сұлу Көкшетауы», биыл 155 жылдығы тойланып жатқан Қ.Мұңайтпасұлына арналған «Қазақтың алып ұлы – Қажымұқан» атты фотокөрмелер, этнографиялық көрме, балаларға арналған интерактивті викторина, фотозоналар ұсынды. «Мелодия» ретро-көрмесі арқылы ХХ ғасырдың музыкалық атмосферасына саяхат жасалып, жиылған көпшілік қауымға өткен тарих әуенін тыңдау мүмкіндігі берілді. Ауыл жастарының концерттік бағдарламасы іс-шараның сәніне сән қосып, әсерлендіре түсті. Жас дарын Қайырлы Әшімов Алмас Темірбайдың сөзіне жазылған «Біздің ескі үй» әнін орындап, көпшілік көрермен қошеметіне бөленді.
Мерекелік кеш киелі Айғаным ханша қонысына танымдық экскурсияға ұласты. Іс-шараға белсене қатысқан Сырымбет ауылының тұрғындарына, ұстаздар мен оқушыларға алғысымыз шексіз!