Жеңіс күні қарсаңында Көкшетау қаласының тарихы музейінде «Көкшетау Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында» атты тақырыптық фотокөрме өтті. Көрмеде ұсынылған сирек фотосуреттер арқылы музейге келушілер соғыс жылдарындағы Көкшетаудың тыныс-тіршілігімен танысты. Музей ғимараты соғыс жылдарында жаралы жауынгерлерге арналған госпитальдар штабы ретінде пайдаланылғандықтан, көрмеде сол кезеңдегі медицина саласы туралы деректерге ерекше орын берілді. Көрменің бір бөлігі соғыс уақытында Ресейдің Подольск қаласынан көшіріліп, Көкшетауда қорғаныс өнімдерін шығарған №621 әскери зауытының тарихына арналып, көкшетаулықтардың майданға жылы киім, азық-түлік жинап жөнелтуі және жергілікті батырлардың ерліктері туралы баяндалды.