Көкшетау қаласының тарихы музейінің қызметкерлері Абылай ханның 315 жылдығына орай Көкшетау қаласының №16 орта мектебінде «Абылай хан және оның дәуірі» атты көрме-дәріс өткізді.

Музейдің ғылыми қызметкері Айгерім Жанатқызы оқушыларға қазақ мемлекеттілігін нығайтқан ұлы билеуші Абылай ханның өмірі, XVIII ғасырдағы қазақ қоғамының әскери өнері мен мәдениеті, сол замандағы жаужүрек батырлардың ел қорғаудағы айрықша рөлі туралы баяндады.
Іс-шара барысында оқушылар тек тарихи деректермен танысып қоймай, жәдігерлерді өз көзімен көру мүмкіндігіне ие болды. Көшпенділердің жауынгерлік рухын бейнелейтін дулыға, сауыт, қалқандар балалардың ерекше қызығушылығын тудырды. Айгерім Жанатқызы Абылай ханның «Шаңды жорық» кезеңіндегі көрегендігі мен дипломатиялық шеберлігін баса айтып, оның қазақ жерінің тұтастығын сақтаудағы еңбегін тереңнен түсіндірді.