Көкшетау қаласының тарихы музейінің ұйымдастыруымен Ақмола облысының білім басқармасы жанындағы көпсалалы инновациялық колледжінде (Қызыл жар ауылы) көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері, Көкшетау қаласының Құрметті азаматы Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің рухына тағзым ету және еліміздің дамуына, әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан тұлғаны ұлықтап, өскелең ұрпақ бойында отансүйгіштік пен еңбекқорлық қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған “Заманның заңғар тұлғасы” атты танымдық іс-шара өтті.
Студенттер мен ұстаздар қауымы адами асыл қасиеттерімен, туған жеріне деген шексіз махаббатымен ерекшеленген Еркін Нұржанұлының басшылығымен салынып, бүгінгі күні қала ажарын ашып тұрған Көкшетаудың зәулім ғимараттарының, өндіріс орындары мен мәдени нысандарының тарихымен танысып, мұрағаттық фотосуреттерді қызыға тамашалады. Музейдің бөлім меңгерушісі Күнсұлу Меңдібайқызы және экскурсовод Руслан Сәбитұлы Еркін Нұржанұлының өнегелі өмірі мен қызметтік жолы туралы баяндап, білім ошағы басшысының тәрбие жөніндегі орынбасары Болат Төлекұлы мұндай тағылымдық іс-шаралардың жас мамандардың кәсіби және азаматтық тұлға болып қалыптасуында маңызы зор екенін атап өтті.