Наурызнама онкүндігі аясындағы Жаңару күніне орай Көкшетау қаласының тарихы музейінде «Ыдыста да ырыс бар…» атты танымдық дәріс-көрме өткізілді. Өскелең жас ұрпаққа төл мәдениетіміздің жоғары эстетикасы мен экологиялық тазалығын көрсетуге, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған іс-шара барысында Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік университет жанындағы көпбейінді колледж студенттері мен ұстаздары назарына ағаш пен тері ыдыстардың жасалу технологиясы мен денсаулыққа пайдасы туралы дәріс және музей қорында сақталған этнографиялық бұйымдардан тұратын көрме ұсынылды.
Жастарға көне жәдігерлердің сыртқы сұлулығы мен жасалу күрделілігі арқылы бабалардың жоғары талғамы туралы баяндалып, заманауи пластик ыдыстар мен дәстүрлі табиғи бұйымдарды салыстыра отырып, «жасыл экономика» мен экологиялық өмір салтының негіздері көрсетілді.
Бұл іс-шара тек тарихқа саяхат қана емес, сонымен бірге Жаңару күнінің символы ретінде өткеннің асыл мұрасын бүгінгі күннің талабымен ұштастырудың жарқын үлгісі болды.