Көкшетау қаласының тарихы музейінде 8 наурыз – халықаралық әйелдер күніне орай «Өнерден тапқан бақытын…» атты қолөнер шеберлерімен кездесу өтті. Ісмерлік шеберліктерімен қазақы қолөнерімізді дәріптеп, келер ұрпаққа сабақтастырып жүрген танымал тұлғалар, жүректері мейірімге толы ақ жаулықты аналарымыз Кенжебай Смағұлқызы, Ұлжалғас Қабденқызы, Гүлнар Жылқайдарқызы көнеден келе жатқан ши тоқу, құрақ көрпе тігу, заманауи үлгідегі жұмсақ ойыншықтар жасау әдіс-тәсілдерін іс жүзінде көрсетіп, шеберлік сағатын өткізді. Интерактивті-тағылымдық іс-шараға қатысқан студент жастар мен музей қонақтары шеберлердің қолынан шыққан туындыларды тамашалап қана қоймай, төл өнеріміздің қыр-сырына қанығып, нағыз еңбекпен келетін бақыттың мәнін түсінген ерекше рухани кештің куәсі болды.







