Наурызнама онкүндігі аясындағы көктемнің осынау ерекше күнінде Көкшетау қаласының тарихы музейі «Көненің көзі» атты этнографиялық көрме-дәріс өткізді. Ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға, халықтың мәдениеті мен салт-дәстүрін қазіргі қоғам өмірінің ажырамас бөлігі ретінде кеңінен насихаттауға бағытталған іс-шараға Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті жанындағы көпсалалы колледж студенттері қатысты. Ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі Гүлмира Қарақайқызы студент жастарды «Қазақ халқының ұлттық этнографиясы» атты экспозициялық залдағы халқымыздың тұрмыс-салтынан сыр шертетін көне жәдігерлермен таныстырып, әрбір бұйымның шығу тарихы мен қолданылу ерекшеліктері туралы баяндап, назарларына тақырыптық дәріс ұсынды.