Зеренді ауданының тумасы, жазушы-драматург, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің кавалері Мағира Қожахметова Көкшетау қаласының тарихы музейіне арнайы келіп, туған өлкеміздің тарихы мен халқымыздың мәдениеті, қаламыздың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты.
Мағира Дәулетбекқызы 1946 жылы Көкшетау облысы Зеренді ауданына қарасты Қошқарбай аулында дүниеге келген. Көкшетау қаласындағы Кітапхана техникумынан кейін, Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін 1969 жылы тәмамдаған. Республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде, «Қазақстан әйелдері», «Денсаулық» журналдарында қызмет еткен, ғасырлық тарихы бар «Ақ желкен» журналына 1996-2002 жылдар аралығында басшылық еткен. Мағира Дәулетбекқызы «Балбұлақ» республикалық балалар журналының бас редакторы, сонымен қатар «Дертке дауа» танымдық медициналық газетінің басшысы, балалар әдебиеті мен баспасөзін дамытуға үлес қосып жүрген тұлға. Киелі Көкшеден шыққан көрнекті қаламгердің «Күннің алтын сынығы», «Әлем-әуен», «Жылы шырай», «Адам құпия», «Жантәсілім», «Жападан жалғыз» кітаптары оқырмандарға кеңінен танымал.
Музей ұжымымен сұхбат барысында Мағира Дәулетбекқызы ұлттық мәдениет, қазақ әдебиеті, журналистика саласындағы әйел қаламгерлердің алар орны туралы ойымен бөлісіп, өзі туралы бауыры Қапез Қожахметовтың жазған «Таланты ‒ ерек, табиғаты ‒ бөлек» атты кітабын музей қорына сыйға тартты.
Құрмет пен қошаметке шын лайық жазушының 80 жылдық мерейтойы биылғы жылы республика және облыс көлемінде жоғары деңгейде аталып өтілетініне сеніміміз мол.
Қазақ әдебиеті мен руханиятына өлшеусіз үлес қосып жүрген көркем сөздің шебері, жерлесіміз Мағира Дәулетбекқызын мерейтойымен шын жүректен құттықтап, деніне саулық, отбасына амандық, сарқылмас шабыт тілейміз!







