КСРО Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, «Құрмет Белгісі» орденінің иегері Жанайдар Баймырзаұлы Мусин (13.02.1936–23.05.1991) көзі тірі болғанда, биыл 90 жасқа толар еді.
Көрнекті жазушы, публицист Көкшетау облысының Зеренді ауданына қарасты Қараөткел ауылында дүниеге келген.
1955 жылы Көкшетау педагогикалық училищесін, 1960 жылы Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетін журналистика мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын «Көкшетау правдасы» облыстық газетінде әдеби қызметкер болып бастаған. 1963 жылы осы облыстың Еңбекшілдер аудандық «Коммунизм жолы» газетінің жауапты хатшысы, 1965 жылы жаңадан ашылған Қостанай облыстық «Коммунизм жолы» газеті, ал 1968 жылы жаңадан құрылған Талдықорған облыстық «Октябрь туы» газеті редакторларының орынбасары болған.
1971–1989 жылдар аралығында 17 жыл бойы облыстық «Көкшетау правдасы» газетін басқарды. Одан кейін партия жұмысына ауысты. Ол Қазақстан Компартиясы Көкшетау облыстық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы қызметін атқарғаны ел есінде. Жанайдар Мусин журналистік жұмысты көркем шығармашылықпен ұштастыра білген. «Үміт», «Таң нұры», «Жер шоқтығы Көкшетау» атты үш әңгіме-очерк жинағы және «Ақ алаң», «Туған үйдің түтіні» романдары, «Балқадиша» романы оқырман қауымның ыстық ықыласына бөленген. Оның 1989 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Жер шоқтығы Көкшетау» жинағының орны бөлек.
Жанайдар Мусин редакторлық қызметте жүргенде облыстық газетте қазақ тілін дамыту, ұлттық мектептерді сақтау мәселелері кеңінен көтерілді. Оның ерен еңбегінің арқасында 1955 жылы жабылып қалған Көкшетау қазақ педагогикалық техникумы 1990 жылы қайта ашылды. Бір қуантарлығы, бүгінде колледжге айналған бұл білім ордасы Жанайдар Мусиннің есімін заңды түрде алып (1996 ж.), өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісіне білікті кадрлар даярлауға өзіндік үлес қосып келеді. Сондай-ақ М. Ғабдуллин атындағы орта мектепте қазақ тілінде оқытатын сыныптардың қайта қалпына келуіне, оқу мен тәрбиенің мемлекеттік тілде бастау алған қаладағы тұңғыш «Әсел» балабақшасының ашылуына газет бетіндегі жарияланымдар ықпал етті. Ол редакторлық қызметте жүргенде облыстық «Көкшетау правдасы» газетінің таралымы тұрақты өсті. 1980 жылдардың аяғында ол 17 000 данаға жетті. Бұл — сол кездегі еліміздің солтүстік өңіріндегі қазақ тілді облыстық газет үшін аса құрметті көрсеткіш еді. Журналист-жазушы Жанайдар Баймырзаұлы Мусин өз өмірін Көкше өмірімен тығыз байланыстырған шығармаларын туған топырағының табиғатына, тарихына арнап, ұрпаққа мол мұра қалдырды. Осы жазған мұрасы арқылы өзінің бойына біткен бар талант-дарынын туған елі мен туған жерінің табиғи келбетін, кереметтілігін көпшілік қауымға танытты. Көкшетау қаласында ол тұрған П. Осипенко көшесі, 27-үйде мемориалдық тақта орнатылған.