Қазақ әдебиетінің саңылағы, Көкшетау өңірінің перзенті, жазушы, публицист Жанайдар Мусиннің 90 жылдығы туған елінде кеңінен атап өтілуде.
Көрнекті қаламгердің Көкшетаудың тарихы мен тұлғалары туралы жазған «Жер шоқтығы – Көкшетау» кітабын негізге ала отырып, өмір жолы мен шығармашылығын, әсіресе туған жерге арналған шығармаларының мән-мағынасын ашып, бай мұрасын жас ұрпаққа танытуға бағытталған әдеби-танымдық кеш Көкшетау қаласының тарихы музейінің ұйымдастыруымен Көкшетау қалалық қазақ үлгілі кітапханасында өтті.
Ақмола облысының Құрметті азаматы, облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Бекенұлының Жанайдар Мусиннің азаматтық тұлғасы жайлы естеліктерімен басталған кеште Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушысы Сәбит Жәмбек, Көкшетау қаласының Құрметті азаматы, ақын, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек, Көкшетау қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің басшысы, журналист, балалар жазушысы Серік Жетпісқалиев, облыстық Әдебиет және өнер музейінің директоры Нұрбек Нұралы, Ж.Мусин атындағы жоғарғы колледж оқытушысы, әдебиетші Қуаныш Қожабайұлы Жанайдар Баймырзаұлының жазушылық қырымен қатар адами асыл қасиеттері туралы үлкен сүйіспеншілікпен толғады. Жазушының інісі Еркін Шахмаұлы, немере қарындасы Тілеулес Тәшкенқызы жүрекжарды естеліктерімен бөлісіп, Музей қорына «Ол жазды атын өлместей, Көкшенің көркем тасына» атты естеліктер жинағын табыс етті.
Ақмола облысы мәдениет басқармасының бас маманы Дина Бейсенбаева Көкшетау өңірінің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына зор үлес қосқан тұлғаның 90 жылдығына орай облыс деңгейінде онкүндік аясында өтіп жатқан іс-шараларға тоқталып, танымдық кештің әсіресе жастарға берер тағылымы мол екеніне баса назар аударды.
Кештің мәдени бағдарламасын Ш. Уәлиханов атындағы колледж бен Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің студенттері көркемдеп, туған жер туралы рухты жырлар мен әндер шырқады. Алқалы жиынды белгілі ақын, Көкшетау қаласының тарихы музейінің директоры Алмас Темірбай қорытындылап, өнерпаз жастарға музей атынан Алғыс хаттар табыстады.
Кеш соңында жазушының өмірі мен қызмет жолынан сыр шертетін фотокөрме таныстырылды.