Көкшетау қаласының тарихы музейінің қоры тағы да құнды жәдігерлермен толықты. 2025 жылы дүниеден өткен Көкшетаудың белгілі тұлғасы, «Қазақстанның құрметі журналисті», бокстан спорт шеберлігіне кандидат, ардагер қаламгер Қалымбек Әрнашұлы Мұхамеджановтың өнегелі өмірінен сыр шертетін заттарды жары Гүлзат Еслямқызы музей қорына салтанатты түрде табыстады. Бұны алдында қадірлі қаламгердің қызы Жанар Қалымбекқызы әкесінен қалған мұраны музейге тапсырғысы келетінін, ол дүниелер ел игілігіне айналуын тілейтінін айтып музей директоры, ақын Алмас Темірбайға хабарласып, өтініш хат жолдаған болатын.
Қалымбек ағамыз тек қаламгер ғана емес, спорттың нағыз майталманы еді. Оның биік белестерінің бірі — 2011 жылы Қазақстанда өткен VII Қысқы Азия ойындарында алау көтеріп шығуы. Бұл бүкіл Ақмола өңірі үшін бір мәртебе емес пе?!
Музей қорына өткізілген бағалы мұралар бір парасы төмендегідей: өзінің бокс қолғабы, мемлекеттік марапаттардың тұпнұсқалары, спорттық және естелік медальдар, сувенирлер, Көкшетау өңірі қаламгерлердің 50 шақты кітабы, авторлық телевизиялық спорт репортаждары жазылған СД-дискілер және өзі тұтынған жеке заттары.
Былтыр арамыздан өткен асыл ағамыздың рухы пейіште шалқысын! Гүлзат Еслямқызына осынау баға жетпес мұраны ел игілігіне айналу мақсатында музейімізге табыстағаны үшін алғыс айтамыз.
Айсұлу ӘМІРЖАНОВА.