Қапалбаева Гүлнар Тұрғынқызы — қолөнер шебері, ісмер. Жамбыл облысының Шу ауданына қарасты Жамбыл ауылында 1967 жылы дүниеге келген. 2007 жылы Көкшетау қаласына қоныс аударып, Абай Мырзахметов атындағы университетте сырттай оқып, тәрбиеші мамандығын игерген Гүлнар Тұрғынқызы бүгінгі күні «Алтын бала» балабақшасында еңбек етуде. Бүлдіршіндерге ұлттық педагогика негізінде тәлім-тәрбие беріп жүрген Гүлнар Тұрғынқызы тәрбиешілік қызметімен қатар халқымыздың кимешек, тақия, сәукеле сияқты дәстүрлі бас киімдерін жаңаша дизайнмен, заманауи үлгіде тігумен айналысады. Әрбір тігілген ою, әрбір пішілген кимешек жай ғана бас киім емес, ол ‒ анадан қызға қалған асыл мұра. Гүлнар Тұрғынқызы бала күнінен анасы Күмісайдың қолөнерін көріп өскен, бүгінде сол өнерді заманауи нақышта жаңғыртып жүрген шеберлердің бірі. «2025 жылы Көкшетау қаласында өткен Наурыз мейрамында өзім тіккен кимешектерді апа-әжелеріміздің басынан көргенде, патриоттық сезімім артып, ерекше қуанышқа бөлендім»,-дейді Көкше жұртшылығын өзінің қолөнерімен тәнті етіп жүрген шебер.