17 қараша күні Көкшетау қаласының тарихы музейі мен Ш.Уәлиханов атындағы Сырымбет тарихи-этнографиялық музейі бірлесе көшпелі өркениеттің даласында туып, әлемдік ғылымның биігіне көтерілген, қазақ халқының маңдайына біткен жарық жұлдызы – ұлы ғалым, ағартушы, саяхатшы, этнограф Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың туғанына 190 жыл толуына орай «Ш.Уәлиханов – қазақтың жарық жұлдызы» атты іс-шара өткізді.
Алғашқы сөз алған Ш.Уәлиханов атындағы Сырымбет тарихи-этнографиялық музейінің директоры Нұргүл Қабдрашитқызы Сырымбеттен арнайы әкелінген құнды жәдігерлер мен фотосуреттердің тарихи маңызын айтып, бұл көрменің Шоқанның рухани ордасынан Көкшетауға жеткен сәлемі екенін жеткізді.
Бұл көрме Шоқанның балалық шағы өткен киелі мекеннен бастап, Омбыдағы оқу жылдары, әйгілі Қашқар сапары, суретшілік өнері және ғылыми мұрасы сияқты ғұмырының ең маңызды кезеңдерін қамтиды. Әрбір жәдігер – ұлы ғалымның өшпес рухынан, даналығынан сыр шертеді.
Іс-шараға Республикаға танымал қаламгер, ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар және журналистер одағының мүшесі Айтбай Сәулебек, Ақмола облысының мәдениет басшысы Айгүл Баубекқызы, мәдениет және білім саласының өкілдері, зиялы қауым, оқытушылар мен студенттер қатысты.
Көрменің ашылу салтанаты Ақан сері атындағы жоғарғы колледжінің талантты студенттерінің қатысуымен өткен мәдени бағдарламамен жалғасты. Өнерпаздар дәстүрлі қазақ күйлерін орындап, іс-шараға ерекше салтанат пен мерекелік рух сыйлады.
Іс шара соңында Көкшетау қаласының тарихы музейінің директоры, белгілі ақын Алмас Темірбай Шоқанның өнерпаз аға-інілерінің шығармашылық мұрасына тоқталып, көрменің сәтті өтуіне атсалысқан барлық қатысушыларға шынайы алғысын білдірді.
Көрмеге қатысушылар Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына орай ұсынылған құнды экспозицияны қызығушылықпен тамашалады.
Көрме келушілер үшін 20 қарашаға дейін ашық болады.












