Бүгін Ақмола облысы әкімінің идеология жөніндегі орынбасары Айтбаев Досұлан Ерланұлы мен облыстық бас музейдің директоры, ақын Құдайберлі Мырзабек мен жаңадан қызметке келіп жатқан Көкшетау қаласының тарихы музейіне арнайы ат басын бұрып, құтты болсын айтты. Музейдің көрме залдарын аралап қарап, тыныс-тіршілігімен танысты. Музейдің әр қызметкерінің сөзін мұқият тыңдап, қордаланып қалған мәселелер талқыға салынды. Бірнеше жылдан бері жөндеу жүргізілмеген музей ғимараттарының жай-күйімен де танысты. Шешу жолдары қарастырылатын болды. Идеологиялық тұрғыдан заманы өткен мәселелерге де тоқталдық. Ең бастысы, жұмысыма сәттілік тілеп, қанаттандырып кетті.
«Қарапайым, қазақы, іскер басшы екені көрініп тұр», — деп қызметкерлер де қуанып жатыр.
Ұжымым жақсы, ұйымшыл, тату. Атқарылатын жұмыстар аз емес. Тілекші болыңыздар! Тарих та, мәдениет те бәрімізге ортақ қой…

