Өмір жолындағы елеулі сәттердің бірі – зейнеткерлікке шығу кезеңі.
Өміріңді өзің қалаған іске арнау, ел игілігі үшін қызмет ету, адалдық пен адамгершіліктің ақ жолымен тура жүріп, сол зейнеткерлікке үлкен абыроймен жету, ел-жұрттың шынайы ықыласына бөлену — үлкен бақыт! Көкшетау қаласының тарихы музейінің іргетасын қалаушылардың бірі, әрі директоры, бізге талапшыл басшы ғана емес, ақылшы, тәлімгер, жанашыр бола білген Ботагөз Жәкенқызы осындай бақытты жандардың қатарынан!
Құрметті Ботагөз Жәкенқызы, бойыңызда әдемі үйлесім тапқан адамгершілік пен кішіпейілділік, мейірімділік пен еңбекқорлық сынды асыл қасиеттеріңізді біз өзімізге әрдайым үлгі тұтамыз. Ұжымды татулығы жарасқан бір жанұяға айналдыра білу – баға жетпес қасиет.
Сіз өзіңіздің қарым-қабілетіңіз бен қажырлы еңбегіңіздің арқасында әрдайым абырой биігінен көріне білдіңіз! Талай жас мамандар музей ісінің қыр-сырын өзіңізден үйренді, біздер үшін Сіз өнегелі тәлімгер ғана емес, сонымен қатар ақылшы дос, нағыз жанашыр бола білдіңіз.
Өзіңіз білікті біліміңіз бен ғибратты ғұмырыңызды арнаған сала – Мәдениет саласының үздігі атануыңыз – ел-жұртыңыздың еңбегіңізге берген әділ бағасы, еліміздің мәдениетін дамытудағы ұзақ жылғы адал қызметіңіздің жемісі!!!
Әрдайым айналаңыз қуаныш пен шаттыққа толы болсын, ұрпақтарыңыздың қызық-қуанышына бөле беріңіз! Өзіңізге және отбасыңызға амандық, ұзақ та баянды ғұмыр тілейміз!
Құрметті демалысыңыз 100 жасқа дейін ұлассын!!!

