Биыл Көкшетау қаласының тарихы музейінің құрылғанына 25 жыл толды. Айтулы датаға орай музей қызметкерлерімен ұйымдастырылған «Музей – тарих айнасы» атты көпшілік іс-шара өте жылы әрі достық жағдайда өтті. Кешке арнайы шақырылған қонақтар – Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Баубекқызы Сәбитова, музей ардагерлері, «Музейге жәдігер сыйла» атты тұрақты акцияға белсенді қатысушылар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері назарына «Музей өмірі» атты фотокөрме ұсынылды. Музей ардагерлері мен бүгінгі қызметкерлердің мәдениет саласындағы еңбектері еленіп, Ақмола облысы мәдениет басқармасының Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапатталды.
Ширек ғасырлық тарихы бар музей қызметінің қызықты сәттері қамтылған көрмені қызыға тамашалаған қонақтар кезекпен өз естеліктерімен бөлісіп, музейдің бүгінгі бастамалары мен қызметіне игі тілектерін білдірді.