Медетова Ғайша Алтынбайқызы — қолөнер шебері. Ол 1977-1979 жж. аралығында Қапшағай қаласындағы Кәсіптік-техникалық училищеде «Фарфор маманы» мамандығы бойынша білім алды. 1986–1989 жылдары Қарағанды мемлекеттік политехникалық институтында (ҚарМТУ) оқуын жалғастырды. Оқуды бітіргеннен кейін Көкшетау қаласындағы Оттегімен тыныс алу аппаратурасы зауытында жұмыс істеді. Қолөнерді анасынан үйренген Ғайша Алтынбайқызы шығармашылықпен бала кезінен бастап айналысқан. Интерьерлік қуыршақтар жасау, әшекей қораптары, барельефтер, қабырғаларға сурет салу, жиһазды қалпына келтіру, атлас таспамен тігу және кестелеумен айналысатын шебердің сүйікті істерінің бірі – мүсіндеу. Бүгінгі күні ол өз хоббиін – былғары мен табиғи тастардан бұйымдар жасауды дамытып, ұлттық нақыштағы түрлі әшекейлер (білезік, алқа, моншақ, сырғалар), сондай-ақ сөмкелер, әмияндар, былғарыдан жасалған картиналар, тақиялар мен жаздық бас киімдер тігеді. Шебер қажетті материалдарды Алматы қаласындағы былғары зауытынан, Wildberries және Ozon маркетплейстері арқылы, әшекейлерге арналған тастарды арнайы дүкендерден сатып алады. YouTube-тағы онлайн шеберлік сағаттары арқылы біліктілігін дамытып, Қазақстандық қолөнершілердің фестивальдеріне қатысып, әрдайым өз тәжірибесімен бөліседі. Ғайша Алтынбайқызы – өз жұмыстары арқылы сұлулық сыйлайтын, туған жерінің қолөнер дәстүрлерін сақтап, дамытып келе жатқан шығармашыл тұлға.
