Ақылбаев Ұлар Хожайұлы – қолөнер шебері. 1986 жылы Қытай еліндегі Тарбағатай аймағы Шағантоғай ауданы Жүйек ауылында дүниеге келген. 2004 жылы орта мектепті тәмәмдап, сол жылы Құйтын қаласындағы қазақ ұлттық музыкалық колледжіне қабылданады. Бала кезінен домбыра тартуға әуес болған Ұлар Хожайұлы домбыра класында білім алып, оны 2007 жылы аяқтаған соң Тарбағатай аймақтық театрына жұмысқа орналасады. Жас дарын тек аспапта ойнап қана қоймай, домбыра, шіңкілдек, жетіген, қобыз, баян сияқты қазақ халқының ұлттық музыкалық аспаптарын кәсіби деңгейде жасаумен айналысады. 2013 жылы Пекин қаласының ұлттық музыкалық аспаптар музейіне қазақ, қырғыз, дағұр, сібе, өзбек қатарлы ұлттардың 200-ге тарта музыкалық аспаптарын арнайы тапсырыспен жасап берген. 2014 жылы Қытайдың Шәушек қаласында өткен гармон мерекесінде шебердің қолынан шыққан 113 тілшікті, биіктігі 1 метр 35 см. алып гармон көпшілік көңілінен шыққан. 2023 жылы атажұртқа қоныс аударған Ұлар Хожайұлы Ақмола облысы Қосшы қаласында өзінің бауырымен бірлесе шағын шеберхана ашып, содан бері тапсырыспен ұлттық музыкалық аспаптар жасаумен айналысуда. «Жеті немесе тоғыз шанақтан құралған домбыраны жасау үшін бірнеше ағаш түрлері қолданылады. Мен біздің елде жоқ ағаштарды арнайы тапсырыспен шетелдерден алдырамын. Домбыраның дыбысы жақсы шығуы — ағашына байланысты, сондықтан да мен аспап жасауда көбіне қайың, бұйра қайың, қарағай, қызғылт түсті амарант, тянь-шань шыршасы, жаңғақ, емен, венге, бубинга, эбен, полисандр, явр, америка жаңғағы, үйеңкі, махагон, эвкалипт, туя ағаштарын қолданамын», — дейді қолөнер шебері. Ұлар Хожайұлының қолынан шыққан ұлттық музыкалық аспаптар бүгінгі күні үлкен сұранысқа ие.